26.11.2022, 18:20

Заңсыз шығарылған активерді мемлекетке қайтару туралы Жарлыққа қол қойылды

Құжат елден заңсыз шығарылған активтерді Қазақстан Республикасына қайтаруды, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған активтерді анықтау және оларды мемлекетке қайтаруды көздейді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлады Ақорда. Құжат елден заңсыз шығарылған активтерді Қазақстан Республикасына қайтаруды, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған активтерді анықтау және оларды мемлекетке қайтаруды көздейді.

Жарлыққа сәйкес, үкімет Бас прокуратурамен, Ұлттық банкпен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен, Қаржылық мониторинг агенттігімен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамымен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, 2023 жылғы 31 наурызға дейін заң жобасын әзірлеп, мәжілістің қарауына енгізуі керек.

Бұл құжат: заңмен реттелетін құқық қатынастарының субъектілерін анықтауға;

заңсыз шығарылған активтердің шығу тегін ашу, растау және оларды қайтару тетіктерін регламенттеуге;

заңсыз шығарылған активтерді қайтару рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге; заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке өз еркімен беруді ынталандыруға;

активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен шарттарды жоюға бағытталған жүйелі шараларды қабылдауға; өкілеттіктерін айқындай отырып, заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші органды құруға;

келіп түсетін заңсыз шығарылған активтерді жинақтайтын және оларды Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыру үшін басқаратын арнаулы мемлекеттік қорды құруға бағытталуға тиіс.

Бас прокурор Бас прокуратураның құрылымында заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша жеке бөлімше құру жөнінде ұсыныс енгізсін, делінген мемлекет басшысының жарлығында

Үкімет Бас прокуратурамен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңсыз шығарылған активтерді анықтау және мемлекетке қайтару үшін шет елдермен және халықаралық ұйымдармен, оның ішінде халықаралық құқықтық көмек шеңберіндегі тиімді өзара іс-қимылды жүйелі негізде қамтамасыз етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев президентті ұлықтау рәсімінде елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмысын басымдықтардың бірі деп атады.

Тегтер: Тоқаев Жарлық