Қазір қоғамдық моншаларда пилинг жасайтын қыз-келіншектер бар. Олар әйелдің де, ер адамның да үстін ысып, тазартып береді. Осылайша ақша табады. Ал имам Нұрлан Байжігітұлы бұлай пайда табуға болмайтынын айтты, деп хабарлайды Экспресс К.
TikTok әлеуметтік желісінде имамның пилинг жасайтын қыз-келіншектерге айтқан кеңесі тарады. Онда оқырман әйелдің бірі пиллинг жасап ақша табатынын, оны күйеуінің де білетінін айтады. Ал имам "қарындасым, басыңа қиыншылық келмей тұрғанда қойыңыз" деп кеңес береді.
"Еркек болсын, әйел болсын, денесін ысқылап, пиллинг жасап, еркектердің делебесін қоздырып, солай тапқан ақшаңыз жақсылық болмайды. Басқа жұмысқа ауысыңыз. Бала-шағаңыз өсіп қалды. Бәленбай еркектің денесін ұстап, жалаңаштандырып алдыңа жатқызып қойып, солардың үстіндегі сасып кеткен кірін езуге Құдайдан қорқыңыз", — дейді имам.
Тіпті имам сондай жұмысқа әйелін жіберіп отырған күйеудің өзі "дұрыс емес" екенін айтады. Күйеуің арлы, намысты болса, сені ондайға жібермейді. Ол өзі барып есектің артын жуғаны жақсы. Саған еркектердің денесінің кірін ездіргенше, — дейді имам.
Әлеуметтік желі қолданушылары түрлі пікір білдірген. Тіпті біреулері пилингтің не екенін білмейтінін айтса, енді бірі имамның айтқанымен келісіп отыр.