Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының Е тобында Коста-Рика Жапониядан басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алғашқы турда Жапония құрамасы Германияны 2:1 есебімен жеңсе, Коста-Рика Испанияға 0:7 есебімен ұтылды.
Екі құрама бұған дейін төрт мәрте кездесті. Оның үшеуінде жапониялықтар жеңіске жетсе, бір кездесу тең нәтижемен аяқталды.
Кездесу барысында жапониялық футболшылар белсенді қимыл көрсетті. Олар жеңіске жеткен жағдайда плей-офф сатысына жолдамаға қол жеткізетін еді. Осыны түсінген жапондықтар қарсыластар қақпасынан саңылау табуға тырысты.
Дегенмен, олардың мүмкіндігі болған жоқ. Есесіне, ойынның 81-минутында коста-рикалық Кейшер Фуллер гол салып кетті.
Осылайша, Коста-Рика қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.
Аталған топтағы Испания мен Германия кездесуі бүгін елорда уақытымен 1:00-де«Qazaqstan» мен «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.