Екібастұздың үш шағын ауданы тұрғындары әлі жылусыз отыр. Бұл туралы Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин айтты.
«Қазіргі уақытта Екібастұз жылу электр орталығындағы ахуал тұрақтанды. Үш су ысытатын және екі энергетикалық қазандық штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Тағы бір су ысытатын қазандықты пайдалануға беру үшін қажетті іс-шаралар қабылданып жатыр. Бұл түн ортасына қарай температура параметрін жылу беру кезінде 80 пайызға және құбырмен айдау кезінде шамамен 65 пайызға жеткізуге мүмкіндік берер еді. Ол қаланы жылумен жабдықтаудағы ахуалды тұрақтандыруға септігін тигізеді», - деді Аян Бейсекин.
Оның атап өтуінше, қаланың жылу желілерінің жай-күйі маңызды мәселелердің бірі болып тұр. Орын алған проблемалар қала аумағында құбырдың жарылуынан болды. Қазіргі уақытта №2 жылу магистральінің бүлінген жерлерін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қажетті ресурстар шоғырланған. Жөндеу бригадалары жарылған жерлерді жамауға кірісіп кетті.
«Қазіргі уақытта 3 шағын аудан жылумен қамтамасыз етілмей отыр. №2 жылу магистральі ажыратылған. Шамамен 130 көпқабатты тұрғын үй мен 100 жеке тұрғын үй жылусыз отыр. Бірақ, біз әріптестерімізбен, тұрғын үй инспекциясымен бірге жылу құбыры қатып қалмауы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Барлық қажетті іс-шаралар уақытында жүргізіліп, түсіндіру жұмыстары қолға алынған», - деді қала басшысы.
ҚазАқпарат