Сағат 19:00-дегі жағдай бойынша Қазақстанның бес өңірінде ауа температурасының төмендеуіне байланысты жол қозғалысына шектеу енгізілді, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
Шығыс Қазақстан облысында ауа температурасының төмендеуіне байланысты (-32ºС) рейстік жолаушылар автобусы мен дизельдік отынмен жүретін автокөліктер үшін шектеу енгізілді.
Абай облысында ауа температурасының төмендеуіне байланысты (-32ºС) рейстік жолаушылар автобусы мен дизельдік отынмен жүретін автокөліктер үшін жол қозғалысы шектелді.
Жетісу облысында ауа температурасының төмендеуіне байланысты «Алматы-Өскемен» тас жолының 558-615 шақырымында Үшарал қаласынан Абай облысының шекарасына дейінгі учаскесінде рейстік жолаушылар автобусы мен дизельдік отынмен жүретін автокөліктер үшін жол жабылды.
Павлодар облысында Абай облысында ауа температурасының төмендеуіне байланысты «Омбы-Майқапшағай» тасжолының 426-587 шақырымында Павлодар қаласынан Абай облысының шекарасына дейінгі учаскесінде рейстік жолаушылар автобусы мен дизельдік отынмен жүретін автокөліктерге жолға шығуға тыйым салынды.
Қарағанды облысында «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» тасжолының 249-320 шақырымында Бүркітті кентінен Абай облысы ауданының шекарасына дейінгі аумақта рейстік жолаушылар автобусы мен дизельдік отынмен жүретін автокөліктер үшін қозғалысқа шектеу енгізілді.