Жамбыл облысындағы жойқын жарылыстан соң із-түссіз жоғалған әскери қызметкер Бауыржан Дәуітбаевтың мәйіті жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасы.
Әскерилердің айтуынша, сүйек қалдықтары бөлімшенің техникалық аумағынан табылған. Мәйіттің Дәуітбаевқа тиесілі екенін анықтау үшін екі айға жуық уақыт кеткен. Сараптама қорытындысына сәйкес сүйектердің 99% марқұмдікі екені расталды. Алайда бір жыл үш айдан бері күткен туыстары Бауыржанды ақтық сапарға шығарып салса да, бақилық болғанына сене алар емес.
Күздің соңғы күні Бауыржан Дәуітбаевтың туыстары оның мерт болғанын естіді. Екі ай бұрын әскери бөлімшеден табылған сүйек қалдықтары із-түссіз жоғалған әскери қызметкер Дәуітбаевқа тиесілі екені анықталды. Алайда марқұмның әкесі бұған әлі де сене алмайтындарын айтады.
“Жүрек әлі де сенбейді. Бір жерде жүрген сияқты. Әскери тергеу басқармадан Алматыдан сараптама қорытындысы шықты, 99% сіздің балаңыз болып шықты дейді Дәуітбаевтың әкесі Талғат Дәуітбаев.
28-349 әскери бөлімінде өрт сөндіруші болып қызмет еткен кіші сержантты іздеу жұмыстары 2021 жылдың 26 тамызынан бері жүргізілді. Бірақ нәтиже болмады. Екі ай бұрын әскери қоймадан Бауыржанның дене мүшелері табылып, мамандар мәйітті үйілген топырақ астынан қазып алған.
“Шамамен маштабты білетін шығарсыздар. Топырақ шашылады. Сол топырақтың астынан, қатты тереңдіктен табылды. Нақты қандай дене мүшесі екенін айта аламыз ба? - 60% деп айттым ғой, – деді 28-349 әскери бөлім командирі Еркін Әбсадықов.
Бүгін марқұм Бауыржан Дәуітбаевтың денесі өзі қызмет еткен әскери бөлім маңындағы бейітке қойылды. Бір ай бұрын сот Бауыржан Дәуітбаевты қаза тапқандар қатарына қосқан.
Марқұмның артында бес баласы мен әйелі қалды. Енді қаралы отбасыға өтемақы беру мәселесі қарастырылуда. Көмек көлемі – шамамен 35 миллион теңге.
Жамбыл облысындағы жойқын жарылыстар кезінде 98 адам жарақат алған. Ал қаза тапқандар саны – 18. Бірақ апаттың нақты себебі әлі айтылған жоқ.