Атырауда 13 жасар қызды зорламақ болған күдіктіні ұстауға қатысты жаңа дерек айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бүгін, 6 желтоқсанда сағат 11:31-де Атырау қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне «Renault duster» маркалы автокөлігі ұрланғаны туралы дерек түскен.
Әйел адам көлікпен дүкенге барған. Қызын көлікте қалдырып, өзі дүкенге кіріп кеткен. Дүкеннен шыққанда көлігін таппай қалған.
Патрульдік полиция басқармасының қызметкерлері ұрланған көлікті Атырау қаласындағы «Авангард» шағынауданынан тапқан. Көлікті 1988 жылғы ер адам ұрлап әкеткен.
Полицейлер көліктің жүк салғыш бөлігінен күдіктіні ұстаған. Сол кезде күдіктінің үстінде киімі болмаған.
Ал, көлік салонында 13 жасар жасөспірім болғаны анықталған. Жасөспірім қызға церебралды сал ауруы диагнозы қойылған.
Қазір аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабының 1-бөлігімен (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) сотқа дейінгі тергеу басталды.
Іс құжаттары облыстық полиция департаментіне берілді. Сондай-ақ, қылмыстық істі ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабымен (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) және 120-бабының 3-1-бөлігімен (Зорлау) тіркеу мәселесі шешіліп жатыр.
Еске сала кетелік, бұған дейінАтырау тұрғыны 13 жасар қызды зорламақ болды деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған едік.