Екібастұзда төтенше жағдай режимі алынып тасталды, деп мәлімдеді қала әкімі Аян Бейсекин. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қалада 28 қарашада енгізілген төтенше жағдай алынып тасталды", - деді әкім бейсенбі күні.
Әкімдік таратқан ақпаратқа қарағанда көпқабатты тұрғын үйлердің барлығына жылу берілген.
Сонымен қатар, көппәтерлі және жеке жер үйлерде гидравликалық режимді қалпына келтіру бойынша реттеу жұмыстары жалғасатын болады. Сәтбаев, 8 және Мәшһүр Жүсіп 52 көшелеріндегі үйлердің 7 корпусында су мен кәрізді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Жеке сектордың жылумен жабдықтау жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Орталық жылумен жабдықтауға қосылмаған тағы 40 жер үй бар. 8 бригаданың күшімен қаланың жылу трассаларындағы ұсақ ақаулар мен зақымдарды жою жұмыстары атқарылуда.
Магистральдық және орамішілік желілердегі температуралық параметрлерді теңестіру және реттеу жұмыстары жалғасуда.
"ТЖ-дан залал алған азаматтардың өтініштерін қабылдау жалғасуда. Өтініштер тіркелгеннен кейін одан әрі өтеу үшін залалды айқындай отырып, тұрғын үйді комиссиялық тексеру жүргізіледі. ТЖ аймағында зардап шеккен азаматтардың залалын өтеу "Екібастұзтеплоэнерго" ЖШС есебінен жүргізіледі. Жылусыз қалған үйлер қараша және желтоқсан айларына жылумен жабдықтау қызметтері үшін ақы төлеуден босатылады, қалған жағдайларда – қайта есептеу жүргізіледі. ТЖ режимі кезінде тұтынылған электр энергиясының қызметтерін қайта есептеу мәселелері қарастырылуда. Шешім қабылданған соң, қорытындысы бойынша ақпарат қосымша жеткізілетін болады", - дейді қала әкімдігі.
Еске салайық, 27 қарашаға қараған түні Павлодар облысындағы Екібастұз қаласы 30 градустық аязда жылу электр орталығындағы қазандықтардың тоқтап қалуына байланысты жылусыз қалған болатын. 28 қарашада Екібастұзда төтенше жағдай режимі енгізілді. Дәл осы күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев проблемалық энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырған.
30 қарашада мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Александр Клебановтың Екібастұз жылу-электр орталығын 1 теңгеге мемлекетке сатуға әзір екенін мәлімдеген.
“Ол нысанды мемлекет меншігіне 1 теңгеге беруге дайын екенін мәлімдеді. Біз бұлай болмайтынын айттық. Нысанды меншігіне алған кездегі тозу деңгейі мен қазіргі тозу деңгейін салыстырып, айырмашылықты төлеу керегін жеткіздік. Екіншіден, ол Екібастұз тұрғындарына моральдық өтемақы төлеуі керек", – деген ол.
Сол күні Екібастұз қаласының жылу-электр орталығында (ЖЭС)болған апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы Павлодар облысы прокурорының жеке бақылауына алынған.
Сонымен қоса премьер-министрдің орынбасары, сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Екібастұз тұрғындарына келтірілген шығындарды Орталық-Азия Электроэнергетикалық корпорациясының иелері төлейтінін айтқан.
1 желтоқсанда Роман Скляр Екібастұзда болған ірі коммуналдық апаттың алдын ала себебін атаған. Ол жылу желілерінің бұзылуына станция қызметкерлерінің қате әрекеті себеп болғанын айтқан еді.
5 желтоқсанда Павлодар облысы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Олег Крук Екібастұзда барлық көпқабатты үйлердің жертөлесіне жылу берілгенін мәлімдеді. Дегенмен әлі 70 жеке үй жылу жүйесіне қосылған жоқ.
Желтоқсанның 6-сына қараған түні Екібастұз жылу электр орталығының басшысы Сергей Видлог үйінің гаражында өлі табылғаны белгілі болған.