$ 494.87  520.65  4.91

Ақтөбе шенділері 400 млн теңгеге алынған картоптың шіріп кеткенін білмеген

Ең қызығы, былтыр да көкөніс құнын тұрақтандыруға дүкендерде шіріген картоп сатып, ақтөбелік шенеуніктердің басы дауға қалған.

Ақтөбеде тұрақтандыру қорына жеткізілген картоптың бір бөлігі шіріп кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КТК телеарнасының хабарлауынша, шенеуніктер Павлодардан әкелінген көкөністі іріктеп үлгермедік деп ақталды. Тіпті тонналаған картоптың арасында бұзылғаны болуы заңдылық дейді қойма басшылары.

 – Картоп тірі организм, шіріген, бұзылған түрі болады. Оны іріктеп алып тастаймыз. Шіріген картоп дүкендерге бармайды. Халыққа шірігені  сатылмайды. Міндетті түрде іріктейміз, – дейді «АSECA» ЖШС директоры Ерлан Блиев.

Ең қызығы, былтыр да көкөніс құнын тұрақтандыруға дүкендерде шіріген картоп сатып, ақтөбелік шенеуніктердің басы дауға қалған. Ол кезде де кінәлілерді таба алмай, тұрақтандыру қорына бұзылған тауардың қалай тап болғаны сол күйі айтылған жоқ.

Бұл жолы Павлодардан жеткізілген картопты әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясындағылар тілшілерге көрсетпек болған еді. Қойманы бақылау кезінде тауардың көбі шіріп, босағаны анықталды. Бұған шенеуніктердің өзі де таң қалып отыр. Екі ай бұрын Кереку өңірінен жеткізілген картоптың алғашқы партиясы таза шыққан деп күмілжиді. Енді комиссия құрып, тауардың бәрін іріктеуден өткізбекші. Егер қорға әкелінген картоптың он пайызы шіріген болса, кері қайтарылады. Биыл Ақтөбе облысының әкімдігі тұрақтандыру қорына картоп сатып алуға 400 миллион теңгеге жуық ақша бөлген.

 – Жарамды емесі тауарды қайтару қағидасымен тауар жеткізген компаниямен жұмыс жүргізіледі, – деді «Ақтөбе» ӘКК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Самат Жұмағалиев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары