14.12.2022, 09:20

Жалған дипломмен жұмыс істеген мұғалімдер ұсталып жатыр

Фото: ашық дереккөз
Олардың біреуі мектепте он жылдан бері жұмыс жасап келген.

Жаңаөзендегі 2 мектептен жалған дипломмен жұмыс жасаған үш мұғалім анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Олардың біреуі мектепте он жылдан бері жұмыс жасап келген. Ал қалған екеуі №4 мектепте тоғыз және екі жыл көлемінде қызмет еткен.

Олар Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінен, Батыс Қазақстан инженерлік - гуманитарлық университетінен және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетіненінің дипломдарымен жұмыс жасаған.

«Ағымдағы жылдың басында Жаңаөзен қаласы мұғалімдерінің дипломдарын тексеру барысында кейбір мектептерде жұмыс жасайтын мұғалімдердің дипломдарының жалған екені анықталды. Қазіргі кезде олардың жалған дипломды пайдаланғаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы 3-бөлімімен қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексерілуде»,- деді Жаңаөзен қалалық полиция басқармасының маманы Әли Оңғарбаев.