15.12.2022, 17:20

«Киллер полицей» қызметінен қуылды

Фото: видеодан скриншот
Заңгер Айгүл Орынбек аудандық полиция бөлімшесінің бастығын "Қазығұрттың киллер полицейі" деп атап, оның үстінен тексеріс жүргізуді талап еткен болатын.

Түркістан облысында қызметтік этиканы сақтамаған полиция бөлімі басшысының орынбасары қызметінен босатылғаны белгілі болды.

Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов мәлімдеді.

«Әлеуметтік желіде желдей ескен полицейдің іс-әрекеті жайлы жазбалар бойынша тиісті шаралар қабылданып жатқанын баршаңызға жеткізген едім. Заң аясында жүргізілген комиссия отырысының қорытындысы бойынша бейнежазбадағы басшының орынбасары қызметтен босатылды. Сонымен қатар қазіргі таңда аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» 362- бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Сол шаралардың бастамасымен бөлісуді жөн деп отырмын. Себебі нақты қолданылып жатқан жұмыстардан сіздердің хабардар болуларыңыз, полицияның ашықтығын білдіреді» - деді полиция генерал-майоры

Жұмысқа шорти, майкамен келіп, қоластындағыларға күн бермейтін полицей туралы видео заңгер Айгүл Орынбектің парақшасында жарияланған еді. Заңгер Қазығұрт ауданы полиция бөлімшесінің бастығын "Қазығұрттың киллер полицейі" деп атап, оның үстінен тексеріс жүргізуді талап еткен болатын.