ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев шетелден әкелінген, заңдастырылмаған көліктерді мемлекет ұсынған жеңілдік арқылы рәсімдеу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Заңдастырылатын автокөліктерге үш негізгі талап қойылады. Біріншісі – автокөлік іздеуде болмауы керек. Екіншісі – кедендік тазартудан өткен болуы тиіс. Үшіншісі – 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген болуы қажет. Заңдастыруға жататын көліктің «жасына» және экологиялық класына ешқандай талаптар қойылмайды», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Сондай-ақ, аталған көліктердің Қазақстан аумағына кірген күнін айқындау қандай жолмен іске асатынын мәлім етті.
«Кіру күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің немесе мемлекеттік кірістер органдарының деректер базасы бойынша айқындалады. Бүгінде ол процесс толығымен автоматтандырылған. Сонымен қатар, шекара қызметінде немесе мемлекеттік кірістер органдарында көлік құралын әкету туралы мәліметтер болмаған жағдайда автокөліктің Қазақстан Республикасында нақты болу күні автосақтандыру полисінің алғашқы рәсімделген күні бойынша айқындалады», - деді комитет басшысы.