Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатында бүгін, 18 желтоқсанда финалда Аргентина мен Франция кездесуі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесу елорда уақытымен 18 желтоқсанда сағат 21:00-де басталады.
Тікелей эфир «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан көрсетіледі.
Кездесу ел астанасы Лусаил қаласындағы 88966 жанкүйерге арналған «Лусаил Айконик» стадионында өтеді.
Бас төреші - польшалық Шимон Марциняк. Оған отандастары Павел Сокольницки мен Томаш Листкевич көмекші болады. Қосалқы төреші - АҚШ-тан келген Исмаил Эльфат.
FIFA рейтингінде Аргентина 3, Франция 4-орында тұр.
Екі құрама бұған дейін он үш мәрте кездесті. Оның 7-де Аргентина, 3-де Франция жеңіске жетсе, қалғанында тең нәтиже тіркелді.
2018 жылғы әлем чемпионаты 1/8 финалында Франция аталған қарсыласын 4:3 есебімен жеңген еді.
Топтық кезеңде Аргентина С тобында Сауд Арабиясына 1:2 есебімен есе жіберіп, Мексика мен Польшаны 2:0 есебімен жеңсе, 1/8 финалда Австралияны 2:1 есебімен ұтты.
Ширек финалда Нидерландпен негізгі кезеңде 2:2 есебімен тең түсіп, пенальти тебуде 4:3 есебімен жеңіске жетті. Жартылай финалда олар Хорватияны 3:0 есебімен жеңді.
Топтық кезеңде D тобында ойнаған Франция Австралиядан 4:1, Даниядан 2:1 есебімен басым түссе, Туниске 0:1 есебімен жол берді.
Ал, 1/8 финалда Польшаны 3:1, 1/4 финалда Англияны 2:1, жартылай финалда Марокконы 2:0 есебімен тізе бүктірді.