$ 494.87  520.65  4.91

Ақтөбеде жол апатына ұшыраған оқушылардың ата-анасы талабын айтты

Балалардың бәрі Шұбарқұдық ауылындағы екі мектепте оқиды.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Ақтөбеде жарысқа бара жатқан балалар жол апатына ұшырады. Бір бала апат болған жерде көз жұмды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ақтөбе облыстық балалар ауруханасында ем алып жатқан балалардың ата-аналары бірнеше талабын айтты.

«Қазір ата-аналар баласының амандығын тілеп отыр. Ал негізі жарысқа барар кезде балалар автобуспен тасымалдануы керек. Автобусты полиция бастап жүруі керек», – деді Мұрат Идеген.

"Қазақпараттың" жазуынша, балалардың бәрі Шұбарқұдық ауылындағы екі мектепте оқиды. Олар бұған дейін ауданда өткен жарыста жеңіске жеткен.

«Балаларды апаруға қолхат бермедік. Жолақыға ақша алмады. Осы жолы ағайымыз тегін апарады деп мәз болып шықты. Оған дейін таксиге ақша беріп жүрдік. Бір көлікке 11 адамды тиеп алғаны масқара жағдай. Сонымен бірге, әлеуметтік желіге жол апаты кезіндегі видео жарияланып кетті. Балалар жерде үсіп-тоңып жатыр. Ал адамдар түсіріп, таратып жіберген. Қаншама бала көріп, жылады. Кімнің дәті барып, түсіргенін білмеймін. Қызық көрген сияқты. Такси жүргізушісі деп ойлаймын түсірген. Тауып алып, жазалануын талап етеміз», – деді ата-ана Б. Карибаева.

Оның айтуынша, жол апаты таңертең болғанымен, ата-аналарға хабар түс мезгілінде жеткен.

Жол апаты болған жерге үш жақтан жедел жәрдем жіберілді. Болгарка ауылынан 30 минутта жетті. Кейін Қарақобда мен Ақай ауылынан жедел жәрдем барды. Арада 40-45 минуттан соң облыс орталығынан да арнайы көлік барды.

«Кеше кешке осы балалардың ата-аналарының таныстары, туыстары хабарласып, түрлі ақпарат берді. Облыстық білім басқармасы, облыстық денсаулық сақтау басқармасына, сосын аудан әкіміне хабарласып мән-жайды анықтадық. Бір баланың көз жұмып, бірнеше оқушының ауруханаға түскенін білдім. Бүгін бірден келіп, ата-аналарымен сөйлестім. Қазір бәрі амандығын тілеп отыр. Депутаттар бұған дейін тасымалдау туралы айтты. 2025 жылға дейін барлық мектеп автобуспен қамтылады. Жүйелі түрде атқарылатын жұмыс», – деді облыстық мәслихаттың депутаты Жұлдыз Қожабекова.

Жарыс кеше №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде басталған. Мектеп өкілдерінің айтуынша, үш ойыннан соң, яғни, түс мезгілінде жарыс тоқтатылып, командалар таратылды. Олар мұны жол апатымен байланыстырады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Ақтөбе