20.12.2022, 15:00

Алматы облысының жоғары лауазымды полицейінен қылмыстық іс бойынша жауап алынды

Фото: ашық дереккөз
Рустам Әбдірахмановтан куәгер ретінде жауап алынды.

Алматы облысы ПД-нің баспасөз қызметі Рустам Әбдірахмановтан қылмыстық іс бойынша жауап алынғаны туралы ақпаратты растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. 

Бұған дейін БАҚ-та Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахмановтың тұрғылықты жері мен жұмыс орнында тінту жүргізілгені туралы ақпарат тараған болатын.

Тінту кәсіпкерлерді бопсалады және рейдерлік шабуыл жасады деп күдікке ілінген Елдос Қоспаев тобына қатысты қылмыстық істі тергеу аясында жүргізілді деген болжам бар.

Алматы облысы ПД-нің баспасөз қызметі бұл қылмыстық істі басқа құқық қорғау органы жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

"Осы іс аясында Рустам Әбдірахмановтан куәгер ретінде жауап алынды. Қазіргі уақытта Әбдірахманов ресми жұмыс істейді, қызметінен уақытша шеттетілген жоқ", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Әбдірахманов бұл істің тергеуіне қатысты БАҚ -қа пікір білдіруден бас тартты.