21.12.2022, 10:20

Шымкентте мердігер үлескерлер қаржысына салынған үйді сатпақ болған

Фото: ашық дереккөз
Мердігерлер тіпті салынып бітпеген баспаналарды сатуға тырысқан.

Шымкентте көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысына үлескерлердің ақшасын заңсыз тартқан мердігерлер жауапқа тартылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Заңбұзушылықтарды қалалық прокуратура қызметкерлері Krisha.kz әлеуметтік желісіне талдау жүргізуі кезінде анықтады.

Қалалық прокуратураның мәліметінше, азаматтардың мүліктік құқықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында 2021-2022 жылдары көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына қатысты тексеру жүргізілген. Нәтижесінде үлескерлердің ақша қаражатын заңсыз тартудың 17 фактісі тіркелген. Мердігерлер тіпті салынып бітпеген баспаналарды сатуға тырысқан. Прокурорлық актілерімен 14 мердігерді ҚР ӘҚБтК-нің 320-бабымен әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін материалдар сотқа жолданған. Қалған 3 мердігерге қатысты материалдар жинақталуда.

«Бүгінгі күнге «Capital avenue» ЖШС, «Capital» ТҮК, «БекСтройСервис» ЖШС, «Тарту» ТҮК, «Kerege Group Constraction» ЖШС, «Аlim» ТҮК сияқты 12 мердігер әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Әрқайсысына 210 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған. Ал, 2 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама сотта қаралуда» делінген қалалық прокуратура таратқан хабарламада.

Бұдан бөлек қадағалаушы орган өкілдері мен әкімдік тарапынан алдағы уақытта ұқсас заң бұзушылықтарға жол бермеуге бағытталған жаңа іс-шаралар жоспары бекітілмек.