Алматыда Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша алдын ала тыңдау басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алдын ала тыңдау Алмалы аудандық сотында өтуде. Барлығы 12 адам, оның ішінде екі танымал вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов бар. Сот онлайн форматта өтуде. Отырыс барысында сотталушылардың бірнеше қорғаушысы қатысушылардың көптігіне байланысты сот отырысын оффлайн режимінде өткізуді сұрады, бірақ судья олардың өтінішін қанағаттандырмады.
Айта кетейік, 12 желтоқсанда қаржы пирамидасын құрды деп айыпталған танымал вайнерлердің ісі сотқа жолданған болатын.
Қаржы пирамидасы ісі бойынша, А. Ораз пен А. Саидбаевқа халықаралық іздеу жарияланған. Қадағалау органының мәліметінше, қылмыстық істің негізінде 41 жылжымайтын мүлікке, 3 автокөлікке, 9 банк шотына және 16 компанияның жарғылық капиталындағы әртүрлі үлестерге тыйым салынды. Еске салайық, Алматы қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігі бойынша айып тақты.
Кейіннен Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов ұсталды.