Қазақстандық блогер Азамат Сәрсенбаевқа Қаракөл көлінде өлі аққуларды бейнежазбаға түсіргені үшін айыппұл салынбақ. Бұл туралы ол желідегі парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жаңа ғана Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілдері телефон соғып, комитет басшылығы Қаракөл көлінде түсірілім жасағаным үшін маған айыппұл салуды талап етіп отырғанын жеткізді», - деп жазды блогер.
Азамат Сәрсенбаев ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің жұмыс қағидасын түсіне алмай отырғанын айтады.
«Экологиялық проблемаларды бірігіп анықтап, айтып, өлкенің көрікті жерлерін көрсету, т.б. шаруалар тындырудың орнына, олар керісінше, еш көмексіз жұмыс атқарып жүргендерге айыппұл салуды талап ете ме? Шынымды айтсам, осының бәрінен шаршадым. Менің инспекторлармен бірлесіп жұмыс істеу туралы барлық ұсынысым еленбей қалады да, айыппұлға келгенде, олар бірден табыла қалады», - деп жазды блогер.