Бүгін Талдықорғанда белгілі журналист, халқының аяулы перзенті Бейсен Құранбектің есімі журналистер үйіне берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2014 жылы пайдалануға берілген ғимараттың маңдайшасына «Бейсен Құранбек атындағы журналистер үйі» деп жазылды. Шараға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, телевизия ардагері Қайнар Олжай арнайы келіп қатысты.
Олар тарихи күнде Бейсен Құранбектің қазақ телевизиясына қосқан үлкен үлесін тілге тиек етіп, жылы естеліктер айтты. «Айтуға оңай» бағдарламасымен халқының жүрегінен орын алып, сүйікті тележүргізушісі, халқының жанашыры болған Бейсен Құранбек осы есімі берілген журналистер үйінің салынуына тікелей атсалысқан азамат.
Бұл ғимаратта «Жетісу телеарнасының», облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің ұжымдары, сондай-ақ республикалық телеарналардың өңірдегі тілшілері отырады.