26.12.2022, 17:20

Жыл соңына дейін үш қалада 5G қосылады

5G 2025 жылға дейін еліміздің барлық облыс орталығына таратылатын болады.

"5G жиілігіне өткен аукционның қорытындысы туралы" Орталық коммуникациялар қызметінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек жаңа жиіліктің қашан пайдалануға берілетіні туралы мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz.  

Оның дерегінше, 2022 жылдың соңында республикалық маңызы бар үш қалада – Алматы, Астана және Шымкентте 5G желісін іске қосу жоспарланған.

"Бұл - жоғары жылдамдықты қажет ететін ірі бизнес абоненттері. Бұл – өте көп видео қарайтын, жақсы, сапалы байланысты қажет ететін әлеуметтік желі қолданушылары. Халықаралық зерттеу мобильді технологияларды енгізу қарқыны мен халық пен бизнестің экономикалық белсенділігінің тікелей байланысы бар екендігін көрсетіп отыр. 4G технологиясын енгізген кезде және оның қарқынды дамыған уақытында халыққа, бизнеске қандай пайда әкелгенін көріп отырмыз. 5G 2025 жылға дейін еліміздің барлық облыс орталығына таратылатын болады", - деді Асхат Оразбек.

5G жиілігін тарату бойынша өткен аукционда "Мобайл телекомсервис" ЖШС мен "Кселл" АҚ жеңіске жетті. Олар тиісті төлем жасағаннан кейін радиожиілікті пайдаланатын болады.