Олигарх Александр Клебановтың бақылауындағы "ОАЭК" АҚ Екібастұздағы апат кезінде зардап шеккен тұрғындарға 240 млн теңге төлеумен шектелуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚазТАГ-тың жазуынша, бұл туралы "Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы" АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Орал мәлім еткен.
"Біз қалыпты режимде бір айлық электр энергиясын тұтыну көлемін негізге алдық. Ай сайын Екібастұз шамамен 220 млн теңгеге электр энергиясын тұтынады. Сондықтан 240 млн теңге аудару туралы шешім қабылданды”, - деді компания басшысы.
Ақша қала тұрғындарының дербес шоттарына, яғни 48 172 дербес шотқа аударылады.
Бағдат Орал сондай-ақ зардап шеккен пәтерлердің тұрғындары бүлінген жиһаз, тұрмыстық техника және пәтерлер үшін өтемақы алатынын хабарлады. Айта кетерлігі, бүгінде Екібастұзда 400-ден астам пәтер жөндеуді қажет етеді.
Еске салсақ, 27 қарашада Екібастұзда жылу электр орталығындағы бірнеше қазанагрегат тоқтап, тұрғындар жылусыз қалған еді.
Қоғам белсенділері қала тұрғындарының қыстың көзі қырауда жылусыз қалуына олигарх Клебановты айыптады. Екібастұзға барып, қиын жағдайға тап болған жергілікті тұрғындармен тілдескен Мәжілістің бір топ депутаты премьер-министр Әлихан Смайыловқа, Бас прокурор Берік Асыловтың атына депутаттық сауал жолдаған.