27.12.2022, 17:00

Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасы қымбаттай ма?

Баяндамашы бағаның өсуі бірқатар факторлармен, соның ішінде экономикалық алғышарттармен және нарық субъектілерінің заңсыз әрекеттерімен байланысты екенін атап өтті.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасын шектеу қаншалықты шынайы деген сұраққа пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Рустам Ахметов Жаңа жылға дейін азық-түлік бағасы қымбаттамайтының айтты.

"Иә, бұл рас. Премьер-Министр (Әлихан Смайылов. – Ред.) алға қойған міндет – жыл соңына дейін 20 пайыздан аспайды. Яғни, қазір бізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өсімі 19,6 пайыз шамасында. Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасы күрт көтерілмеуі керек деген міндет қойды, қазір осы тапсырманы пысықтап жатырмыз".

Баяндамашы бағаның өсуі бірқатар факторлармен, соның ішінде экономикалық алғышарттармен және нарық субъектілерінің заңсыз әрекеттерімен байланысты екенін атап өтті.

"Сауда үстемесі 15%-дан асатын болса, әкімдікке хабарласу керек, өйткені олардың әкімшілік істерді қозғап, жауапкершілікке тарту құзіреті бар. Бірақ ол үшін тауардың бағасын білу керек, өнім өндіруші немесе жеткізушіні білу маңызда. Өкінішке орай, бұл туралы халық біле бермейді", деді Рустам Ахметов.

Сондай-ақ, оның айтуынша, нарық қатысушылары сөз байласып, бағаны көтерген жағдайда монополияға қарсы тексеру жүргізу мүмкіндігі бар.

Рустам Ахметов: "Егер тұтынушының қолында бұл ақпарат болса, онда ол бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жүгіне алады".