27.12.2022, 17:40

Шымкентте полиция бөлімінің басшысы 2 млн теңге алу кезінде ұсталды

Полиция бұл ақпаратты растады.

Шымкент қалалық полиция департаменті Абай аудандық полиция басқармасы бөлім басшысы күдіктіден 2 млн теңге алу кезінде ұсталды. Полиция бұл ақпаратты растады, деп хабарлайды Orda.kz.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, өзіндік қауіпсіздік басқармасы полиция қызметкерін алаяқтық қылмысына қатысы бар әйелден сот үкімінің оң шешілуіне жәрдемдесемін деп 2 млн теңге алып жатқан жерінен ұсталған. Күдіктінің үстінен Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабымен (190-бап) қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған. 

«Құқық бұзушылықты жасаған қызметкер уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды» делінген полиция хабарламасында. 

Оқиға 25 желтоқсан күні болған. 

Қалалық соттың Orda.kz тілшісіне хабарлауынша, қалалық тергеу сотына полиция қызметкеріне қатысты іс түспеген. Оның бас шарасы туралы сот қаулысы шықпаған.