БҚО Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты “Кублей” консерві зауытының Орал қаласы әкімдігі үстінен түсірген шағымы бойынша шешім шығарды, деп жазады inbusiness.kz.
Ақпаратқа сәйкес, сот "Кублей" ЖШС-нің Орал қаласының Әкіміне, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдеріне әкімдіктің шешімдерін заңсыз деп тану туралы талап арызын қарады:
-Орал қаласы, Циолковский көшесі 1 мекенжайы бойынша тұрғын үй ғимараттарын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын бекіту туралы;
- жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту;
- өнеркәсіптік және санитарлық-қорғаныс аймақтарында тұрғын үйлерді салу кезінде бақылауды жүзеге асырмау әрекеттерін заңсыз деп тану және нысаналы мақсатын өзгертуге келісу.
“Сот сенімді түрде анықтады:
1. Талапкердің өзі санитарлық қорғау аймағын белгілемеген.
2. Талапкер "Ирменов" ЖК даулы 5 қабатты үйлер бой көтерген жер теліміне қатысты қосалқы мердігер болып табылмайды.
3. Зауыттың 600 жұмысшысы мен 3 мың шаруа қожалығы жұмыссыз қалады деген уәжі негізсіз”, - деп жазылған БҚО облыстық сотының хабарламасында.
Ақпаратқа сәйкес, зауыттың негізгі өндірісі даулы аймақтың жанында емес, қала сыртында орналасқан. Ал, даулы аймақта зауыт кеңсесі, қоймалар, 1 өндірістік цех, темір жол төсемі орналасқаны көрсетілген.
“Сот мынадай қорытындыға келді: жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту қаланың Бас жоспарының тұжырымдамасына сәйкес жүргізілгендіктен, тұрғын үйлерді салу талапкердің (зауыттың) ешбір құқығын бұзбайды. Санитарлық ережелерді бұза отырып, ЖШС өзі 2015 жылы зауытты пайдалануға беру кезінде жобалық-техникалық құжаттамада санитарлық-қорғау аймағының болуын көрсетпеген. Осы уақытқа дейін олардың шекарасын белгілеу бойынша шаралар қабылданбаған, сондықтан зиянды шығарындылардың көзі анықталмаған. Осыны ескере отырып, сот ЖШС-нің талаптарын қанағаттандырудан бас тартты”, - делінген облыстық сот таратқан ақпаратта.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кету керек, Орал қаласында орналасқан "Кублей" ЖШС мен қалалық әкімдік 2 жылдан астам уақыт соттасқан болатын. “Кублей” зауыттың өнеркәсіптік бөлігінде және санитарлық-қорғау аймағында көппәтерлі үйлер салуға рұқсат берген қалалық әкімдіктің шешіміне қарсы шықты.