$ 482.86  533.17  5.08

Атырауда 3 миллиардқа салынып жатқан құрылыс ақыры сүрілетін болды

Оның құрылысына облыстық бюджеттен 3 млрд теңге бөлінген-ді.

Атыраудағы концерт залы түбегейлі бұзылып, орнына өнер орталығы салынады, деп хабарлайды atpress.kz. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев Өңірлік коммуникациялар алаңында ұйымдастырылған брифинг барысында айтты.

Ж.Бисембиевтің айтуынша, қалада тағдыры 11 жылдан бері бұлыңғыр болған концерт залы бұзылатын болды. Енді  1200 орынға шақталған мәдениет ошағы сүріліп, орнына Құрманғазы атындағы өнер орталығы салынады. - Атырау қаласындағы концерт залын түбегейлі бұзып, орнына жаңа орталық салу туралы тапсырма берілді. Қазір құрылысшылар мен осы салаға жауапты азаматтарға тиісті тапсырмалар беріліп жатыр. Жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткеннен соң таныстырылатын болады,  - деді Ж.Бисембиев. 

Құрманғазы атындағы өнер орталығын салу – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырауға келген жұмыс сапарында берілген тапсырма болатын. Айта кетейік, Концерт залының іргетасы сонау 2011 жылы облысты Бергей Рысқалиев басқарып тұрған кезде қаланған еді. Оның құрылысына облыстық бюджеттен 3 млрд теңге бөлінген-ді. Сол уақытта жұмыстар тәулік бойы және белгіленген мерзімнен екі есе бұрын жүргізілді. Алайда 2012 жылы «Снабойлстрой» ЖШС-нің басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалып, құрылыс тоқтап қалады.

Қазір құрылысы тоқтап тұрған концерт залының көрінісі көңіл көншітпейді. Оның  терезелері сынып,  темір конструкциясын тот басқан және ғимараттың айналасы қоқыс орнына айналған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары