$ 487.37  532.94  5.09

Жезқазғандағы перзентханада бір айда екі сәбидің өлімі тіркелді

Алайда екі сәбидің өліміне нақты қандай жағдайлардың әсер еткенін сараптама қорытындысы анықтайтын болады.

Ұлытау облысының Жезқазған қаласындағы перинаталдық орталықта желтоқсан айында екі сәби шетінеп кеткен. Әлеуметтік желіге перзентханаға барып жүрген ата - ананың бірі бейнежазба қалдырған. Онда ол балаларға  дәрігерлердің мерзімі өтіп кеткен  жасанды сүт беруінің салдарынан бір сәбидің шетінеп кеткенін және тағы үш баланың ауыр хәлде жатқанын хабарлаған. Қазіргі уақытта желтоқсан айында перинаталдық орталықта қайтыс болған екі сәбидің де ата - анасы прокуратураға  шағымданған. Сот - медициналық сараптама тағайындалған. Дегенмен Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы балалардың туа біткен сырқаты болғанын әрі ауыр деңгейдегі жүктіліктің бала денсаулығына кері әсерін тигізгенін мәлімдеді.

Жезқазғандағы перинаталдық орталықта 19 желтоқсанда туған сәби үш күннен соң көз жұмған. Дәрігерлердің айтуынша сәби ана сүтін емгендіктен оған қосымша тамақтандыру тағайындалмаған. Үшінші күні баланың жағдайы орталық жүйке жүйесінің зақымдану белгілері мен сарғаю синдромына байланысты нашарлап бала жан сақтау бөліміне жатқызылған. Кейін сәбидің өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. 25 желтоқсанда осы перинаталдық орталықта екінші сәби шетінеп кеткен. Ақ халаттылар бұл бала да туа біткен патологиямен дүние есігін ашқан деп отыр.

" Анасының денсаулық жағдайының қолайсыз фонын және инфекциялық процестің оң зертханалық деректерін ескере отырып , науқас туғаннан бастап антибиотикалық терапия алған. Емдеу аясында баланың жағдайы жақсармаған салмақтың патологиялық төмендеуі байқалған және анасының гипогалактиясын ескере отырып , аралас тамақтандыру тағайындалған. Баланың өлімі 25 желтоқсанда көп мүшелік жеткіліксіздіктен және ауыр дәрежедегі тамырішілік қан ұюынан болған ",- деп мәлімдеді Ұлытау облысының Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Алайда екі сәбидің өліміне нақты қандай жағдайлардың әсер еткенін сараптама қорытындысы анықтайтын болады.

Дереккөз: inbusiness.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары