28.12.2022, 16:20

Қошанов Тұңғыш Президент туралы заңның күшін жоюға қатысты пікір білдірді

Фото: ашық дереккөз
Егер заң күшін жойса, онда бұл заңда көзделген иммунитеттің бәрі күшін жояды.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Тұңғыш Президент туралы заңның күшін жоюға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы" заң күші толығымен жойылады. Ол келесі жылдың басында болады. Білесіздер, бұл конституциялық заң, ал конституциялық заңдар Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданады. Қаңтарда палаталардың бірлескен отырысы шақырылады", - деді Қошанов Мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап беріп.

Журналистер заң күші жойылғаннан кейін оның кінәсі дәлелденсе, Тұңғыш Президент қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін бе деген сауал қойды.

"Егер заң күшін жойса, онда бұл заңда көзделген иммунитеттің бәрі күшін жояды. Ол күшінде болмайды", - деп түсіндірді Мәжіліс спикері.