Солтүстік Қазақстан облысында гонконг тұмауы тіркелді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
А типті Н3N2 вирусы үш адамнан анықталды.
Ресми мәліметке сүйенсек шошқа тұмауымен ауырған адам саны 8-ге жеткен. 250-ге жуық адам В типті тұмауға шалдыққан. Олардың барлығы тұмауға қарсы екпе алмаған.
Қазір науқастар тиісті ем алып жатыр. А типті Н3N2 вирусы ауа тамшылары арқылы беріледі. Мамандардың айтуынша, сырқаттанушылардың жағдайы ауыр болмаса, үй жағдайында емделуге болады.
"Науқастар медициналық қызметкерлердің бақылауында болады. Кез келген тұмау түрі арнайы сараптама жасалғаннан кейін ғана анықталып, диагноз қойылады. Аталған вирусқа қарсы екпе бар. Эпидемиологиялық кезеңге дейін 75 мың адам вакцина алды. Тұрғындарға гигиеналық талаптарды сақтауға кеңес беремін. Қазір жаңажылдық корпоративтік жиындар көп өтіп жатыр. Әсіресе сондай шараларда сақтық таныту керек", - дейді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.
Ал В типті тұмауға шалдыққандар саны 250 адамға жуықтады. Жұқпа әсіресе 14 жасқа дейінгі балалар арасында өршіп тұр.
"Ауырғандардың 49-ы жүкті әйелдер болса, 78-і – 14 жасқа дейінгі балалар, олардың ішінде 44 оқушы бар. Мектеп, балабақшаларды карантинге жабу декректері жоқ. Өткен аптада кей мектепке дейінгі мекемеде жекелеген топтарда карантин енгізілген болатын", - деді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.
Мамандар олардың барлығы тұмауға қарсы екпе салдырмағанын атап өтті.