02.01.2023, 10:23

Елімізде темекі бағасы қымбаттады

Бұдан былай ең арзан темекі енді 630 теңгеден саудаланады.

Қаңтардың бірінен бастап темекі бағасы тағы қымбаттады. Жауапты органдардың шешіміне сәйкес ең арзан темекі енді 630 теңгеден саудаланады. Ал салада жүрген кәсіпкерлердің айтуынша, бұл сома 650 теңге шамасында болуы керек. Өйткені бұл өнімдер негізінен шетелден әкелінеді. Ал қазіргі валюта бағамы темекі құнын бір деңгейде ұстап тұруға келмейді. Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, елімізде 4 миллионға жуық адам темекі тартады. Алайда бұл тек ресми ақпарат. Шын мәнісінде олардың саны әлдеқайда көп. Сәйкесінше мұндай өнімге деген сұраныс та әрдайым жоғары. Темекі бағасы қанша қымбаттаса да, оны сатып алатындар қатары азаяр емес. Бірақ кәсіпкерлердің мәлімдеуінше, оның қымбаттау себебі басқа.

Әміржан Қалиев, "Қазалкотабак" қауымдастығының президенті:

– Біз бизнес әр пачканың бағасы 650 теңгеден кем болмауы деп ұсындық. Ең төменгі баға адал темекі өнімдерін әкелетін компаниялар, өндірістегі затраталар, шикізаттар, расходтар, 10-15 процент пайдасы бар. Күрделі саудада розничный торговляда қосатын үлесі ең төменгі баға қандай екенін көрсетеді. 

Темекінің қымбаттауына акциз бағасының өсуі де әсер етіп отыр. Бұл норма жақында Мемлекет басшысы қол қойған Салық кодексінде қарастырылған. Жауапты ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, мұндай шешім темекі тартатындар санын азайтуға бағытталған.   

Жазира Мыңбаева, Ұлттық экономика министрлігі департаментiнiң бас сарапшысы:

– 2023 ж 1 қаңтарынан акциз ұлғайтылады. 2022 жылы 100 000 дана фильтрлі сигаретке 12 300 теңге акциз қарастырылса, 2023 ж бастап 1000 дана фильтрлі сигаретке 14 100 теңге акциз мөлшерлемесі болады. 2024 ж бастап 1000 дана фильтрлі сигаретке 15 900 болады. Қазір халықтың арасында қыздырылған сигаретке де акциз мөлшерлемесі ұлғайтылады.

Қазақстандықтар темекінің қымбаттауына байланысты түрлі пікір білдіріп жатыр. Бірі мұндай шара қабылданса да, ешкім темекіні қойып кетпейді деген ойда болса, басқасы керісінше, балалар үшін бұл өнім қолжетімсіз болуы қажет дейді.

24.kz