05.01.2023, 13:00

«Мемлекеттік төңкерісті ұйымдастырушылар кімдер»: Бас прокурор бірнеше фамилияны атады

Осының бәріне бастау болып отырған жаңағы айтылған басшылардың арқасында болды деп толық айтуға болады.

Депутаттардың сауалына жауап берген Бас прокурор Берік Асылов бұл сұрақтың өте күрделі екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Мемлекет төңкерісі бойынша өте күрделі, оңай емес сұрақ. Мұның бәрін тергеу кезінде әбден зерделедік. Әрине, мемлекеттік төңкеріс жасауға оқталу болды. Оны толығымен тергеу көрсетті. Қазіргі кезде бүкіл құжаттардың бәрін тексеріп, оны қарастырып жатырмыз. Төңкеріске оқталу алдын ала дайындалып, жоспарланған. Бір жыл бұрын дайындалу кезеңдері болған. Ұйымдасқан қылмыстық топтар, діни экстремистер, сотталғандар, ДВК жақтаушылары да болды. Олардың әрекеттерінен 8 қалада мемлекеттің 71 ғимараты өртеліп, бұзылған. Ол қылмыстарды ұйымдастырушылардың арқасында болып отыр», - деді Берік Асылов.

Бас прокурор ұйымдастырушылардың аты-жөнін де атады.

«Біріншіден, мемлекеттік опасзыдық жасау мен билікті басып алуға оқталу бойынша ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы мен орынбасарларына қылмыстық іс қозғалған. Ол қазіргі сотқа жолданды. Іс әрине жабық және аса құпия тәртіпте қаралуда. Бүгін жаппай тәрсіздіктің 18 ұйымдастырушысы анықталды. Қызылордада да, Жамбыл облысында да, Алматыда да ұйымдастырушылар арқылы көптеген қылмыс жасалды. Оның ішінде Жұмагелдиевтің айрықшы рөлі болды. Одан бөлек, діни экстремистік топтардың екі мүшесі – Нұрпейісов пен Тілеужанов Алматы әуежайын басып та алған. Осының бәріне бастау болып отырған жаңағы айтылған басшылардың арқасында болды деп толық айтуға болады», - деді Берік Асылов.

Еске сала кетейік, өткен аптада мәжілісмендер қаңтар оқиғасына қатысты халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға тиісті күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдардың басшылары жауап беруін талап еткен болатын.