Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров еліміздегі реформаларға қарсы топтар қалыптасқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Олигархтарға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмады. «Дүниежүзілік банктің» есебі бойынша, Қазақстан халқының 15% кедей санатында. Ескі жүйенің «әлеуметтік әділетсіздік» фактілері, халықты саясаттан шектету тенденциясы мемлекетті, қоғамды, жұртты «Қасіретті қаңтарға» итермеледі, жақындатты. 2019 жылы Қазақстанда билік ауысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келген күні «демократия мен плюрализм болмай, Қазақстанда тұрақты экономикалық дамуды қалыптастыру мүмкін емес» деп мәлімдеді. Осы орайда эволюциялық тұрпаттағы саяси реформалар басталды. Ұлттық Кеңес құрылды, жаңа тұрпаттағы «Митингілер» жөніндегі заң қабылданды», - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында қаңтар оқиғасы тақырыбын талқылау кезінде
Оның пайымынша, еліміздегі реформаларға қарсы топтар қалыптасты.
«Сонымен бірге, көптеген жылдар бұрын жоспарлы түрде Конституцияға жасалған әлімжеттілік нәтижесінде, заманауи логикаға сәйкес келмейтін, қосарланған институт қалыптасып, күштік құрылымдар Үкіметтің жұмысына жөнсіз араласты. Соның нәтижесінде құқық қорғау, Ұлттық қауіпсіздік органдарында Конституцияға, реформаларға қарсы топтар қалыптасты. Осы кертартпа күштер лигитимді Президентке қарсы «заговор» дайындады. «Қасіретті қаңтар» легитимді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарсы реакционер күштердің «мемлекеттік төңкеріс» әрекеті», - деді Е. Саиров.
Оның айтуынша, қаңтарда азаматтардың бейбіт, әділ талаптарын реваншистер өзінің елге, халыққа қарсы жаман пиғылына пайдаланып кетті. Реакционерлердің экстремистік арандату іс-әрекеттерінің кесірінен жаппай тәртіпсіздікке жол берілді, мемлекеттік органдарға қарулы шабуыл жасалды, Алматы мен басқа да қалалар қара түнекке батты.
«Қаңтар кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың батыл, өткір іс-әрекеттерінің нәтижесінде Қазақстанның территориялық тұтастығы мен мызғымастығы сақталды. «Қасіретті Қаңтар» тәрізді трагедия қайталанбауы тиіс! Не істеу керек? Бізге заң мен тәртіп қажет! Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз, құтты мекеніміз жоқ! Квазимемлекеттік сектор ресурстарын бақылаудың сенімді тетіктерін жасау, олигархтарды ауыздықтау, шетелге заңсыз кеткен капиталды қайтаруды тездету өте маңызды», - деді Ерлан Саиров.
«Президент Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында халықты кедейліктің «шынжырынан» шығару жолдары қарастырылған.
Ауылдарда халыққа үй шаруашылықтарын дамыту үшін 1 млн адамды қамтитын 1 трлн теңге бөлінеді, алдағы жеті жылда 111 млн шаршы метр үй салынып, 3,3 млн адам жұмыспен қамтылуы тиіс. Бұл мәселені Үкімет сапалы, жүйелі орындауы тиіс», - деді депутат.