Әлеуметтік желіде елордадағы Алаш тасжолында орналасқан көпірдің жарылғаны туралы ақпарат тарады. Болған жайтқа қатысты Астана қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы түсінік берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Алаш тасжолындағы "бүкір көпір" бұған дейін апатты деп танылған еді. Осыған байланысты жол өтпесінің оң жақ бөлігі жөнделіп, қозғалыс 2022 жылы жазда ашылды.
Көлденең асфальтбетон жабынының ішінара деформациясы жол өтпесінің жөнделмеген тұсы – сол жақ бөлігінде орын алды. Осы орайда жол белгілері қойылып, учаскені қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр", – делінген таратылған ақпаратта.
Сондай-ақ хабарламада айтылғандай жол-құрылыс жұмыстары маусымы басталысымен қозғалысты қалпына келтіру үшін жол өтпесінің сол жақ бөлігін жабу жоспарланған.
"Көпірдің зақымдануын ескере отырып, жол өтпесінің сол жағымен автокөлік қозғалысы уақытша жабылады. Дегенмен көлік құралдары үшін көпірдің екі жақ бөлігімен де қозғалыс қамтамасыз етіледі", – дейді басқармадан.
Қоса кетсек, "Ikomek" орталығының әлеуметтік желідегі жауабында жол төсемін қалпына келтіру жұмысы 15 қаңтарға дейін жүргізілетіні айтылған.
Еске сала кетейік, 2020 жылы аталған көпір опырылып құлаған болатын.