Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте шетелдік көліктерді қалай және қанша теңгеге заңдастыруға болатыны түсіндірілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаевтң айтуынша, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген көліктерді заңдастыру үшін 4 құжат жеткілікті:
1) өтініш; 2) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін); 3) көлік құралының паспорты және (немесе) көлік құралын тіркеу туралы куәлік; 4) көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат (мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе иеліктен шығару туралы өзге де мәміле шарттары, мұрагерлік құқығы туралы куәлік). Құжаттар мамандандырылған қызмет көрсету орталығында тексеріледі. Тексеру нәтижесі екі күн ішінде белгілі болады.
ІІМ көлікті әкелу ережелеріне, іздеуде жүрмегеніне, кедендік ресімдеуден өткеніне, соңғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылғанына, сондай-ақ Интерпол деректер базасы арқылы автокөліктің іздеуде еместігіне және т.б. тексерілетінін хабарлайды.
«Тексеру сәтті өткен жағдайда өтініш беруші ұялы телефоны арқылы оң нәтиже және көлік құралын тіркеу үшін Арнайы ХҚО-ға келу қажеттілігі туралы қысқаша хабарлама алады», - деді Қайсар Сұлтанбаев.
Әкімшілік полиция комитеті өкілі сондай-ақ көлікті тіркеуге жұмсалатын шығын көлемін де айтып өтті.
«Меншік иесі мамандандырылған ХҚО-ға қайта келген кезде бастапқы тіркеу үшін 200 мың теңге бірреттік төлем жасайды. Содан соң тіркеу куәлігі үшін мемлекеттік баж салығын (4 313 тг), мемлекеттік нөмір үшін (9 660 тг) төлеуі қажет»,- деді Қ. Сұлтанбаев.
Тіркеу бекітілгеннен кейін автокөлік иесіне ҚР тіркеу құжаты мен нөмірлік белгілері беріледі.
ІІМ өкілі шетелдік көліктің бір рет қана тіркеуден өтіп, заңдастырылатынын айта келе, Қазақстан азаматтары шетелден әкелінген автокөлікті 10 жұмыс күні ішінде тіркеу талабын сақтауы қажет екенін ескертті.
«2023 жылдың 23 қаңтары мен 1 шілдесі аралығында жеңіл автокөліктерді, шағын және орта автобустарды (салмағы 5 тоннаға дейін) және шағын жүк көліктерін (салмағы 3,5 тоннаға дейін), оның ішінде оң рөлді көліктерді заңдастыруға мүмкіндік беріледі», - деді ІІМ ол.