18.01.2023, 17:40

Бангкок қаласында бокстан Азия чемпионаты басталды

Бокстан Азия чемпионаты 27 қаңтарға дейін жалғасады.

Таиланд астанасы Бангкок қаласында 22 жасқа дейінгілер арасында бокстан Азия чемпионаты басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Күндізгі сессияда 1/8 финалда қазақстандықтардан рингке алғашқы болып 48 келіге дейінгі салмақта жастар арасында әлем чемпионы, ерлер арасында Азия біріншілігінің жеңімпазы Санжар Тәшкенбай шықты. Санжар төрешілердің бірауыздан шешімімен қырғызстандық Анваржан Ходжиевті ұтты.

Тағы бір қазақстандық, ересектер арасында әлем және Азия чемпионатының күміс жүлдегері Махмуд Сабырхан 57 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Мирзабек Мирзахалиловпен жұдырықтасты. Махмуд та айқын басымдылықпен жеңді – 5:0.

Бокстан Азия чемпионаты 27 қаңтарға дейін жалғасады.