БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген «Қазақстан темір жолы» ҰҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов «Тальго» пойыздарының билет құны неге қымбат екенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тальго вагондары қарапайым пойыздарға қарағанда жайлы. «Тальгоға» екі дизельді вагон қызмет көрсетеді. Олар бүкіл құрамды сумен, жарықпен және жылумен қамтамасыз етеді. Ол үшін оған 2 тоннаға дейін дизель отыны сатып алынады. Біз әр рейсті жабдықтаймыз. Қымбатшылықтың себебі - дизель отынының қымбаттығы мен «Тальго» компаниясының вагондарына көрсетілетін сервистік қызметке байланысты. Компанияның өз филиалы бар және олар осы вагондарға қызмет көрсетеді. Біз «Тальго» вагондарына ескі пойыздар сияқты ағытып, күрделі жөндеу жасамаймыз», - деді Қанат Әлмағамбетов Индустрия министрлігінің кеңейтілген алқа отырысынан кейін.
Басқарма төрағасы орынбасарының айтуынша, пойыз билеттерінің қымбаттығы вагондарға қызмет көрсету мен оларды күтіп ұстауға жұмсалатын шығындарға байланысты. Сондай-ақ, ол жыл сайын баға көтеріліп отыратынын атап өтті.
«Жеке тасымалдаушылар да, «Жолаушылар тасымалы» да 1 қаңтардан бастап билет құнын 7%-ға көтерді», - деді Қанат Әлмағамбетов.
Еске салайық, бұған дейін Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайылов еліміздегі коммерциялық пойыздар билеті қымбат болғанымен, шығынды екенін мәлімдеп еді.