Алматының Түрксіб ауданындағы көшедегі әжетханаға өз нәрестесін тастап кеткен кәмелетке толмаған ана сотталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Алматы қаласы сотының мәліметінше, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық сот отырысында кәмелетке толмаған сотталушының жаңа туған баланы анасының өлтіруіне оқталу фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды (ҚК 24-бабы 3-бабы, 100-бабы).
«Сот үкімімен К.жаңа туған нәрестені анасының өлтіруіне оқталғаны үшін кінәлі деп танылды және оған 8 ай бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
Қылмыстық істің жабық режимде қаралуына байланысты өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды.
Үкім заңды күшіне енді»,-деп мәлімдеді қалалық сот.
Еске салайық, былтыр 25 тамызда Алматы қалалық полиция департаменті жаңа туған нәрестені құтқаруға арналған арнайы іс-шара өткенін хабарлаған болатын. Түрксіб аудандық полиция басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторы Нұржан Шатуновтың айтуынша, сағат екіде кәмелетке толмаған қыздың түсік тастағандығы туралы хабар берілген. Полицейлер оқиға орына барып, шақалақтың дәретхана шұңқырында жатқанын көрген. Учаскелік инспектор Нұржан Шатунов сәбиді қызметтік көйлегіне орап, аман алып шыққан болатын.
Осы батылдығы үшін оған ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен майор шені берілді.
Айта кетейік, әжетханадан шығарылған нәресте 12 күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан еді. Қазір ол балалар үйіне жіберілді.