Туристік қызметтер нарығының мамандары туристік алым (Bed Tax) алу тәжірибесін енгізу туристік саланы дамытуға, инфрақұрылымды жетілдіруге көмектеседі, деп хабарлайды Skifnews ақпарат порталы.
2023 жылғы 17 қаңтарда Алматы қаласының мәслихаты туристік алым көлемін қонақ үй құнының 5% деңгейінде белгіледі. Қазір туристік жарна еліміздің 31 қала мен ауданға енгізілген. Астана мен Алматыда бұл жарна 5% көлемінде бекітілді. Ал басқа аудан мен қалаларда мөлшерлеме әртүрлі болуы мүмкін, бірақ 1% кем болмауға тиіс.
«Бүгін біз туристерге 5% жарна түріндегі қолдаудың маңызы зор екенін ашық айтуымыз керек және мұны Қазақстанға келетін туристердің дұрыс түсінетініне сенімдімін. Бұдан түсетін ақша туризмді дамытуға, маркетингке, дестинацияны ілгерілетуге, инфрақұрылым мен туристік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталады», - дейді Қазақстан туристік қауымдастығының президенті Рашида Шәйкенова.
Оның айтуынша, шетелдік туристер бұл ақша экологиялық туризмді дамытуға, Қазақстанның табиғаты мен табиғи ресурстарын сақтауға жұмсалатынын біледі, туристік алымды қиналмай төлейді.
Ibis Novotel қонақ үйінің басқарушысы Арсений Тагаев та осындай ұстанымда.
«Бастаманың өзі қисынды әрі түсінікті: туристерден жиналатын қаржы туристік саланы дамытуға, республиканың дамуына жұмсалады. Бұл әлемдік тәжірибе. Өздеріңіз білетіндей, көптеген ел туризмді қолдау және дамыту үшін бұл бастаманы енгізіп жатыр, сондықтан осы тәжірибе өте қолайлы деп санаймын», - дейді ол.