Оралда көлігімен полициядан қашпақ болған жүргізуші жер үйлердің біріне соғылып ажал құшты, деп хабарлайды КТК арнасы.
33 жастағы жігіт жоғары жылдамдықпен келіп баспананы қиратып өткен.
Тәтті үйқыда жатқан төрт адамның екеуі кірпіштерге бастырылып қалған. Құдай сақтағанда ауыр жарақат алмапты.
Оқиға таңғы сағат бес шамасында болған.
Полицейлер Лексусты тоқтатқан екен. Жүргізушісі машинадан түскенімен, қайта отырып, тәртіп сақшыларынан сытылып кетпек болыпты. Бірақ көше қиылысынан бұрыла бере, жол талғамайтын машина баспанаға соғылған. Жүргізушісі сол жерде жан тапсырды.
Ал үй тұруға жарамсыз болып қалды. Өйткені бір бөлмесі түгел опырылып түсті. Және газ құбыры мен электр желілері зақымдалып, бір көшенің тұрғындары жарықтан қағылған. Әзірге 33 жастағы азаматтың кім екені және оның полицейлерден не үшін қашқаны белгісіз.
“Көлік айдап отырған 33 жастағы азамат оқиға орнында көз жұмды. ҚР ҚҚ 345-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр”, – дейді БҚО ПД баспасөз қызметінің жетекші маманы Лунара Аманғалиева.