26.01.2023, 14:40

Бокстан Азия чемпионатында ел қоржынына үшінші алтын медаль түсті

Көрнекі фото: pexels.com
Алда Абзал Серік, Сабыржан Аққалықов және Диас Молжігітов Азия алтынына таласады.

Бокстан Бангкокта өтіп жатқан 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатында Махмұд Сабырхан да алтын медаль еншіледі. "Қазақтан шыққан Ломаченко" қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен ұтып шықты. 

Финалда отандасымыз тай боксшысы Саравут Суктхетпен жұдырықтасты. Төрешілер шешімі бойынша Махмұд айқын жеңіске жетті. 

Махмұд Сабырхан 2022 жылы өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Шаршы алаңдағы шапшаңдығы мен ерекше жұдырықтасуына қарай оны кей басылымдар "қазақтан шыққан Ломаченко" деп таныстырған еді. 

Айта кетейік, осыған дейін Бангкокта Санжар Тәшкенбай мен Нұрсұлтан Алтынбек топ жарған еді. Алда Абзал Серік, Сабыржан Аққалықов және Диас Молжігітов Азия алтынына таласады.

massaget.kz