Астаналық Томирис Тұрсынғалиева бразилиялық футбол жұлдызы Неймардан хат алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Әдетте супержұлдыздар жанкүйерлерінің хатына сирек болса да жауап жазатын кездер болады. Сол сәттің бірі астаналық бойжеткенге бұйырыпты. Және ол сүйікті футболшысына хатты бірінші рет жазбаған. Бұған дейін де жазған хатына жауап келмеген екен.
"Мен футболды жақсы көремін және оны 2004 жылдан бері бақылап келемін. Бұл бірінші рет жазғаным емес. Бірінші рет сыпайы түрде: "Сәлеметсіз бе, Неймар, сізді 2013 жылдан бері жақсы көремін. Мен сізден сыйлық алғым келеді" деп жазған едім. Бірақ бұл хабарламаға жауап жазбады", - дейді ол.
Томирис Тұрсынғалиева мұнымен де тоқтап қалмай екінші рет тағы да хат жазуды ұйғарған.
Ол Instagram-да 200 миллионнан астам жазылушысы бар сүйікті футболшысына ұзын-сонар хат емес, 2-3 сөйлеммен сәлем жолдаған.
"Эй, досым! Маған қолтаңбаң бар футболкаңды берші!» деп жазып жібердім. Бірінші хабарламаның жауабын 9 жыл күткен едім. Ал, екінші хатқа 4-5 күнде жауап келді", - дейді астаналық.
Неймар Томириске футболкасын беретінін жазған.
"Сәлеметсіз бе, қымбатты Томи! Мен сізге футболкамды беруге өте қуаныштымын. Көмекшім сізге хабарласады", - деп көмекшісінің Instagram парақшасын жіберген.
Болған оқиғаның әсерінен Томирис әлі күнге дейін арылар емес. Ол көптен күткен сыйлықты ашу процесін видеоға түсіріп, оны TikTok-қа жүктеген.
"Маған сыйлық туралы хабарлама келгенде, жүрегім қатты соғып, қолдарым дірілдеп кетті... Видеоны TikTok-қа жүктедім. Қаншалықты қобалжығанымды көріп тұрсыздар. Пакетті ашып, футболканы көргенде, басым әсерден жарылып кете жаздады", - дейді бойжеткен.
Томириске футболканы сат деп ақша ұсынғандар болған. Бірақ ол қымбат сыйлықпен қоштаспақ емес.
"Маған адамдар "футболканы сат" деп үш рет жазды. Бірінші рет 150 мың теңге ұсынды, ал екінші рет бағаны 500 мың теңгеге көтерді. Бірақ мен үшін бұл баға жетпес сыйлық", - дейді ол.
Томирис болашақта Мессидің өзінен қолтаңбасы бар футболка алғысы келеді.