Солтүстік Қазақстан облысында полицияның учаскелік инспекторына сот үкімі шықты. Тәртіп сақшысына ауыр зардапқа әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздігі үшін қылмыстық іс қозғалған еді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
СҚО соты баспасөз қызметінің мәліметінше, Мамлют аудандық соты учаскелік инспекторға былтыр шілде айында аңшының қолынан қаза тапқан әйелдің ісіне қатысты үкім шығарды.
Полицей ауыр зардапқа әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздігі үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сот былтыр 11 шілдеде учаскелік полиция қызметкерінің әйелді аңмен шатастырып, абайсызда атып өлтірген ер адаммен бірге болғанын анықтады.
Аңшы мас күйінде алаңқайда жидек теріп жүрген 49 жастағы әйелді жаралап, кейін ол алған жарақаттарынан қайтыс болған еді. Тәртіп сақшысы сол жерде болғанымен бұл оқиғаның алдын алуға әрекет етпеген. Оның кінәсі куәгерлердің көрсетуімен, жазба материалдарымен дәлелденді.
Прокурор сотталушыға 6 жылға жаза кесуді сұрады.
Экс-полицей өз кінәсін мойындамады. Аудандық сот учаскелік инспектордың кішкентай балаларының болуын және зардап шеккенге алғашқы медициналық көмекті көрсетуін ескеріп, 5 жылға бас бостандығынан айырды.
Енді ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде атқаратын болады. Сондай-ақ сотталған өмір бойына мемлекеттік, құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқығынан және полиция майоры арнайы шенінен айырылды.