$ 494.87  520.65  4.91

Гель-лакпен жасалған маникюр ДНҚ-ны зақымдайтыны рас па?

Желіде беделді ғылыми журналда жарияланған жаңа зерттеу туралы жаңалық тарады.
Фото: sharm72.com
Фото: sharm72.com

Желіде беделді ғылыми журналда жарияланған жаңа зерттеу туралы жаңалық тарады. Зерттеуде тырнаққа жаққан гельді қатыру үшін қолданылатын ультракүлгін шамдар қатерлі ісік ауруын тудырады және ДНҚ-ны зақымдайды деп айтылған. Бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Stopfake.kz.

Бұл зерттеу 2023 жылғы 17 қаңтарда Nature Communications журналында жарияланды. Ол "Тырнаққа арналған лакты кептіруге арналған шаммен сәулеленгеннен кейін сүтқоректілердің жасушаларындағы ДНҚ-ның зақымдануы және соматикалық мутациялар" деп аталады.

Мәтінде еңбек авторларының жасуша сызығының үш түрімен тәжірибе жүргізгені айтылған. Біреуі тышқаннан, қалған екеуі адамнан алынған.

Жұмыс барысында ғалымдар бұл жасушаларды ультракүлгін сәулемен сәулелендіріп, нәтижесін бақылаған. Сонда үшеуінде де мутациялар байқалып, ультракүлгін сәулеленудің әсері канцерогенді деп танылды. Алайда бұл ультракүлгін шамдар тек жасуша сызығына ғана емес, адамға да әсер етеді деп ойлауға негіз бола алмайды.

Бұл туралы зерттеу авторларының өздері жазған. Олар "Талқылау" бөлімінде жасуша сызықтарында эпидермистің, теріні ультракүлгін сәулеленуден қорғайтын жоғарғы, кератинделген қабаттың жоқ екенін атап өткен. Сонымен қатар, тәжірибе in vitro өсірілген жасушаларда, яғни түтікшеде жүргізілгендіктен, оларда тірі ағзаға тән емес мутациялар жиналып қалуы мүмкін. Осының негізінде авторлар тәжірибе тырнақ бояуын кептіретін шамның адам терісіне әсері туралы тікелей ақпарат бермейді деп жазған.

"Тырнаққа арналған лакты кептіру үшін ультракүлгін шамды ұдайы қолданатын адамдарда қол терісі қатерлі ісігінің болу қаупін нақты анықтау үшін болашақта ауқымды эпидемиологиялық зерттеулер жүргізу қажет", - делінген еңбекте.
Демек, жарияланған зерттеу ультракүлгін шамдардың ДНҚ-ны зақымдайтынын және қатерлі ісік ауруын тудыратынын дәлелдемейді. Ғалымдар мұндай нәтижелерді адам терісінен бірқатар айырмашылықтары бар жасуша сызықтарынан ғана алған.

Дереккөз: massaget.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#сұлулық #ДНҚ