$ 498.34  519.72  4.85

«Бір тамшы қанның сұрауы бар»: Қазақстанда хиджама жасайтындарға лицензия берілмейді

Хижама дәстүрлі медицинаға жатпайтындықтан, бұл процедура заңнамада жоқ.
Фото: azattyg.ruhy
Фото: azattyg.ruhy

Соңғы уақытта ауруды қан шығару тәсілі арқылы емдейтіндер көбейген. Мамандар бұл тәсілдің денсаулыққа кері әсері болуы мүмкін дейді. Себебі қан шығаруға мүлдем болмайтын жағдайлар болады. Дәрігерлер «бұл процедураны қадағалап, заңмен реттеу қажет» деп отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Жақында әлеуметтік желіде тараған бейнежазба көптің үрейін туғызды. Жаңа туған нәрестенің маңдайын тіліп, қан шығарып жатқан емшінің әрекеті желі қолданушыларының ашуына тиді. Онда нәрестеге хиджама жасап жатқанын көруге болады.

Ал кәсіби медицина мамандары бұл процедураның медициналық қызмет түріне жатпайтынын айтады. Дәстүрлі медицинаға дәл осы шертпе емі кірмеген. Тіпті, қазір курс оқып, сертификат алғандар мұны кәсіпке айналдырды деп дабыл қақты. 

«Хиджаманы біз 2 жылдан бері ғана естіп жатырмыз. Ол қазақ тарихында жоқ. Хиджаманы қайдан үйрендің десе, «бәленбай дәрігер ашқан курсқа бардым, 10 күн үйретті, міне, сертификаты» деп шығады. Бір тамшы қанның сұрауы бар. Қанша адам қанға зәру. Ал қан тапсыратын адамдар қанды далаға төгіп отыр. Іс жүзінде оны да ақшаның көзіне айналдырды, одан қанша адамның көзі көрмей қалады, қанша адам менингит болады, мүмкін, қан қысымы түсіп немесе көтеріліп кеткен шығар, нервты кесіп тастаса, уақытша шаншу тоқтайды. Ал іс жүзінде қандай зардабы болатынын халық қайдан біледі?» - дейді медицина ғылымдарының докторы, профессор Жасан Зекейұлы.

Хижама дәстүрлі медицинаға жатпайтындықтан, бұл процедура заңнамада жоқ. Сәйкесінше, лицензия да берілмейді. Ал хижама жасайтындар аурудан 100% айықтырамыз деп уәде бере алмайтынын айтады.

«Кімде гемофилия ауруы бар, оларға болмайды. Ол қанның сұйықтығы, сол үшін алдымен жалпы анализ крови алу керек, диабет, дене қызуы болмауы керек. Өйткені температура болған кезде бастан қан алуға болмайды, өйткені инфекция басқа көтеріліп кетуі мүмкін. Ал денеден алуға болады. Бірақ айтып қояйын, бәріне бірдей әсер етпейді, хиджама біреуіне ем болып жатады, біреуіне ем болмайды. Сондықтан біз алдын ала адам келіп жатқанда, «саған 100% көмектеседі деп айтпаймыз» деп ескертеміз», - дейді хиджама жасаушы Қарлығаш Байкенова.

Бұл ғана емес, халық емі деп омыртқаны балғамен ұрып емдейтіндер шыққан. Арнайы мамандар оның да зардабы барын айтады.

«Мануалдық терапияда дұрыс диагноз қою үшін арнайы әдістер бар.  Алақанмен сипау сияқты техникалар бар. Қолмен соққылау әдісі бүйрек аймағында өте мұқият жасалуы керек. Себебі, ішкі ағзаға зиян тигізуі мүмкін. Алайда балғамен ұру дегенді мен құптамаймын. Бүгінде тіпті онлайн оқып, сертификатым бар деп жұмыс істеп жүргендер бар. Дәрігер емес, ондай мамандарға қалай сенуге болады?», - дейді мануалды терапевт Юрий Пак.

Ал нәрестеге хиджама жасағандар заң бойынша жауап береді. Денсаулық сақтау министрлігі бұл жағдайды арнайы бақылауға алды. Әрі хиджама орталықтарының да жұмысы тексеріледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары