Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы жақында Түркияға демалуға кеткен. Ол жер сілкінісі қалай басталғанда қайда болғанын, қан тапсыру орталығында дәрігер қандай кеңес бергенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол Instagram-парақшасында бөлісті.
"Жаңалықтарды естіп жатқан шығарсыздар. Өзің сезген бір бөлек. Түркияның эпиорталығынан алыс емес едім. Таңға жуық 3-4 шамасында бір шатыр-шұтыр дауыстан оянып кеттім. Көршінің балалары алысып ойнап жүрген шығар деп ойладым. Ары қарай көзім ілініп кетіпті. Таңертен төменге түссем, у-шу. Әбден қорқып қалған, мазалары қашқан жандарды көргенде, түнде тоңазытқыштың үстіндегі заттардың қозғалып, есіктің тарс-тұрс жабылғанын да естімегенімді түсіндім", - деп жазған ол.
Ләйлә Сұлтанқызы қан тапсыру орталығына келгенде дәрігердің айтқан кеңесін бөлісті.
"Орталыққа қан тапсыруға келсем, дәрігерлердің де зәресі ұшқан. Бүкіл артық дәрі-дәрмектері мен заттарын жинап, жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмектесуге жиналғандарына өзім куә болдым. Дәрігерлер қайтыс болғандардың саны көбеюі мүмкін екенін айтты:
- Үйіңізде ысқырық бар ма?
- Жоқ, неге?
- Адамдарды үйінді астынан ысқырықпен ысқырған дауыстары арқылы тауып, шығарып алып жатыр. Сізде де болғаны дұрыс.
Бүгін дәрігермен болған осы диалог есімнен кетер емес. Кейбір жерде әлі 2-3 балдық жер сілкінісі сезіледі. Президентіміз бұл жағдайға қатысты Түрік еліне шұғыл көмек көрсетуді үкіметке тапсырыпты. Алла ананы баладан, баланы әке-шешеден айырмасыншы.Түрік бауырларымызға тек сабыр тілеймін. Құдай қорғасын", - дейді тележүргізуші.
Желі қолданушылары тележүргізушінің амандығын тілек, пікір қалдырған.
"Құдай сақтасын! Елге аман-есен оралыңыз!" "Құдай жар болсын", "Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын", "Елге тезірек оралыңыз", "Түрік бауырларымызға сабыр берсін", - деп жазған пікір қалдырғандар.