$ 494.87  520.65  4.91

«Өліммен бетпе-бет келдік»: қазақ студенті Түркиядағы жағдай туралы

Түркия мен Сириядағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 12 мың адамнан асып кетті.
коллаж: Azattyq Ruhy
коллаж: Azattyq Ruhy

Нұрболат Кәрібай. Қазір Түркияның Кайсері қаласында білім алып жүрген студенттің бірі. Анадолы жерінде отбасымен тұрып жатыр. Жуырда ағайынды елде жұрт күтпеген зілзала болып, мыңдаған адам құрбаны болды. Көз жұмғандардың қатары әлі де толастар емес, сағат сайын артып келеді. Кайсері зілзаладан зардап шекпесе де жерасты дүмпуі бұл қалада да ара-тұра сезіліп тұр. Azattyq Ruhy тілшісіне пікір бере отырып, қаладағы жағдайды түсіндіріп өтті.

«Түркияның Кайсері қаласында отбасыммен бірге тұрып жатырмын. Жер сілкінісінің эпиорталығы бізден 150-200 шақырым жерде болды. Бірақ соның өзі біз тұратын қалаға қатты сезіліп отыр. Таңға жуық, шамамен сағат 4 пен 5 шамасында сілкініп басталды. Бәріміз шырт ұйқыда жатқаннан кейін дереу түсіне алмадық. Бірақ ол басылғаннан кейін артынша екінші толқыны келді. Бұл аралықта ұйқымыз шайдай ашылып, далаға атып шықтық. Сол кеткенімізден таңғы сағат 7-ге дейін далада жүрдік. Сәл басылды-ау деген соң ішке кіріп демалғандай болдық. Таңғы асымызды ішіп, сабағымызға отыра беріп едік, тағы бір толқыны келді. Ол алдыңғы екеуінен қаттырақ сезілді. Бастапқы екеуі 5 балл болса, үшіншісі 6 балға жетті», - дейді Нұрболат Кәрібай.

Сөзін жалғай отырып, Кайсеріде жер асты дүмпуі осымен аяқталмағанын, қайта өліммен бетпе-бет келген күйде болғанын жеткізді.

«Үшінші рет жер шайқалғанда жанымыз мұрнымыздың ұшына келді. Кәлимамызды үйіріп, үлкен бір қауіпті күтіп тұрғандай болдық. Бұрын «пісміллә» деп тұра бермей, неліктен далаға қашпайды деп ойлайтын едім. Бірақ дәл сол жағдаймен бетпе-бет келгенде көп ойлануға мүмкіндігің болмайды екен. Бала-шағаңды алып, үстелдің асты секілді қорғануға болатын жерге тығылып үлгергеннен басқа амалың қалмайды. Міне құлайды, қазір бәріміз үйіндінің астында қаламыз деген сезімде болады екенсің. Былайша айтқанда өліммен бетпе-бет келдік», - дейді кейіпкеріміз.

Айтуынша жергілікті билік қала тұрғындарының бассауғалауы үшін арнайы орындарды жылдам арада дайындап үлгеріпті.

«Бірақ бағымызға орай одан да аман қалдық. Дүмпу сәл басылған кезде жылы киімдерімізді киіп, үйімізді тастап қаштық. Сол кеткеннен келесі күні таңғы 6-ға дейін сыртта жүрдік. Жергілікті билік мемлекеттік кафелерді, спорт нысандарын тұрғындарға арнап бейімдеп қойған. Осындай күтпеген апат туындай қалған жағдайда халық сол орындарға барып бас сауғалайды. Кайсері қаласындағы қазақтар осындай кафелерде болдық. Ас-суымыз осы кафеде тегін берілді. Биліктің ұйымдастырған шараларына риза болдым», - дейді қазақстандық азамат.

Жер сілкінісі Кайсері қаласынан жырақта болса да бұл шаһарда қауіп әлі де сейілмегенін, жұрт үрейде отырғанын қозғап өтті.

«Қазір қалада өлі тыныштық деп айтуға болады. Жергілікті халық бассауғалап, ошақ орындарынан алыстап кеткен. Ал бір бөлігі әлі де жоғарыда айтқан кафелерде тығылып жатыр. Міне дәл қазіргі сәтте де бөлмемдегі шамым қозғалып тұр. Эпиорталығы 150-200 шақырым қашық жерде болса да бізге әжептәуір сезіледі. Қауіп әлі де сейілген жоқ. Ең қажет деген заттарымызды жинап, кіреберіске дайындап қойдық. Алла бетін аулақ етсін, бірақ алда-жалда бірнәрсе бола қалса үйімізден қашып шығуға дайын отырмыз», - дейді өз сөзінде.

Сөз арасында Түркиядағы Қазақстанның елшілігі хабарлама жариялап, онда эвакуациялық іс-шараларын көрсетуге дайын екендерін мәлім еткенін айтып өтті.

«Бұдан бөлек, Түркия билігі жер сілкінісі болған өңірлерден Ыстамбұлға қарай ұшақ, автобус билеттерін тегін етіп қойды. Егер дәл қазір отбасымды алып, Ыстамбұлға жол жүргім келсе жолақым тегін болмақ. Бірақ әзірге нақты бір жаққа жол жүруді жоспарлап отырған жоқпыз», - деп Нұрболат Кәрібай сөзін аяқтады.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары