Ақтөбе облысының әкімдігі ғимаратында шенеуніктерге арналған бөлме ашылады. Жұмысқа ынтасы жоқ, еңсесі түскен шенділер енді психологпен жұмыс істеп, миларын тынықтыра алады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Мемлекеттік қызметтен шаршап жүрген шенеуніктердің миын тынықтыратын кабинет облыс әкімдігінің ғимаратында орналасқан. Мұны кәсіподақтар Федерациясы ашып беріпті. Өйткені былтыр федерация "Халық бюджеті-2022" байқауын ұйымдастырғанда облыс әкімдігі осы жобаны ұсынып, жеңімпаз атанған. Осылайша, әкімдік шаршаған шенділерге серпіліс беруді жөн көрген.
“Мұнда әр түрлі тренингтер өткізіп, психологиялық тренерлерге жүгінуге болады. Негізгі мақсаты – ұжымдағы моральдық психологиялық ахуалды жақсарту”, – деді Ақтөбе облысы әкімінің аппараты бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Альмира Шамирова.
Бұл байқауға ұсынылған бір ғана жоба екен. Ашылған күні бір топ шенеунікке психологпен тренинг ұйымдастырып, күйзелістен арылу жолдары туралы кеңес берілген. Келушілерге бұдан бөлек кітап оқып, зияткерлік ойындар мен танымдық фильм көре алады.
Өзін-өзі дамыту орталығына мемлекеттік қызметкерлер түскі үзілісте немесе жұмыстан кейінгі уақытында келеді. Кофебрейк, тіпті туған күн кештерінде атап өтуге болады. Кабинеттің жабдығына бас-аяғы үш миллион теңге қаржы жұмсалды.