Орал шенеуніктері жергілікті әуежайдың шетелдік инвесторларға сатылғаны туралы тараған ақпаратқа түсінік берді. Құзырлы орындар негізгі үлес әлі күнге дейін мемлекетке тиесілі екенін, ал терминал үш жылға ғана сенімгерлік басқаруға берілгенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Әуежайдың терминалы былтыр күрделі жөндеуден өткізілген. Оған Карашығанақ консорциумы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде 6 миллиард 600 миллион теңге бөлген.
Содан бері терминалды қазақстандық компания сенімгерлік басқарумен ұстап тұрған. Енді сол компанияны "Орал аэропорт холдинг" деп аталатын ЖШС сатып алған. Осы серіктестіктің ішіндегі үлестің үштен бірі ресейлік компанияға тиісілі екен. Сондықтан әуежай шетелдік инвесторға сатылды деуге еш негіз жоқ дейді жауаптылар.
Терминалды үш жылға басқаруға алған осы компанияны оның орналасу жағдайы қызықтырған. Келешекте жолаушыларға қызмет сапасын арттырып, қосымша ұшу бағыттарын ашу жоспарланып отыр. Ал әуежай мемлекет меншігінде қала береді.
"Компанияның негізгі қатысу үлесі Қазақстан тарапына тиесілі. Стратегиялық нысандар мемлекет меншігінде қалып отыр. Атап айтқанда, ұшуқону жолағы ҚР индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігінің азаматтық авиация теңгерімінде. Жолаушылар терминалы, яғни әуежайдың өз ғимараты "Aqjaiyq" әлеуметтік корпорациясы АҚ теңгерімінде.", - деді "Aqjaiyq" ӘКК" АҚ төрағасы Нұржан Өтепбаев.