$ 494.87  520.65  4.91

Алматы облысында медресе оқушылары қытай кеспесінен уланып қалды

Тілге келгенде соңғы рет тәрбиеші "қытай кеспесін" бергенін айтқан.
Фото: pixabay.com
Фото: pixabay.com

Алматы облысында медресенің төрт оқушысы қытай кеспесінен уланып қалған, деп хабарлайды КТК арнасы.

Олар Ұзынағаш қаласындағы "Саурық" қайырымдылық мекемесінде тұратын аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар.14 жастағы жеткіншектер дәрігерлерге тез дайындалатын кеспені тәрбиеші бергенін жеткізген.

Бірақ мекеме басшылығы балалардың сөзін жоққа шығарды. Қазір бұл жағдайға қатысты тексеру басталып кетті. Жергілікті тұрғындардың бірі бұл қайырымдылық мекемесінде ұлдарға теріс бағытта діни уағыз айтылады деп отыр. Төрт бала Жамбыл ауданы ауруханасына кеше таңғы сағат сегіз шамасында жеткізілген. Бәрі бірдей астан уланыпты. Тілге келгенде соңғы рет тәрбиеші "қытай кеспесін" бергенін айтқан.

“Балалар "кешкі аста өздері берді" деп айтты. Олар басы ауырып, іші өтіп, әлсіз болып, құсқанына шағымданды. Балаларға жедел көмек көрсетіліп, жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды. Емдеу дәрігері хабарласқанда, балаларды ешкім іздеп келген жоқ. Жетекшісі, ата-аналары келмегінін айтты”,  – деді Жамбыл ауданы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Күлзада Арынова.

Мәселенің мән-жайын білмекке "Саурық" қайырымдылық мекемесіне бардық. Мұнда аз қамтылған отбасынан шыққан тек ер балалар тұрады екен. Мекеме басшысы кеспені "өзімен әкелген" деп, тәрбиешіге шаң жуытпады.

“Олар өзі не әкеліп жеген екен, хабарымызда болған жоқ, сосын азанда ауырып тұрмыз дегеннен кейін жедел жәрдеммен шақырып жіберген едік”, – деді "Саурық" қайырымдылық мекемесінің директоры Құсайын Қасымбеков.

Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын бауырына бастық деген орталықтың ашылғанына төрт жыл. Оқушылардың жатын бөлмесіндегі жағдай да мәз емес. Қабырғасы көгеріп кеткен. Бөлме салқын. Қосымша сабақ оқитын бөлмедегі журналдың мазмұны да сұрақ туғызатындай. "Саурықтың" қайырымдылық мекемесі екенін маңдайшасы ғана айғақтап тұр. Сырты сыланбаған үй көзге бірден түсе қоймайды.

"Секта" деген тұрғынның жауабы селк еткізді. Мекеменің жұмысы туралы білмекке аудандық әкімдікке келдік. Ондағылар ресми тіркелген орталық екенін растады. Дегенмен соңғы жағдайға байланысты қосымша тексеріс жүргізілетінін жеткізді.

“Өзіміздің тарапымыздан, діни басқармадан, теолог тарапынан және қосымша тексереміз. Санитарлықэпидемиологиялық департамент тарапынан бақылауға алып, осы жұмыстардың алдын алу, болашақта болмауы үшін, осы мәселені бәрін бақылауға аламыз”, – деді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы.

Уланған төрт бала жұқпалы аурулар бөлімшесінде жатыр. Үш күнде шығуы мүмкін. Ал тексеру қорытындысы бойынша "Саурық" мекемесінде уланғаны расталса, басшылығы заң жүзінде жауапқа тартылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары