Петропавлдық оқушы мектептегі балаларды балтамен жарақаттағаннан кейін оқиға орнына бірінші болып барған фельдшер медициналық қызмет көрсету талаптарын бұзған. Бұл туралы облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының директоры Юрий Белоног мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлеуметтік желіде фельдшерді жазаға тартқаны туралы ақпарат тарады. Себебі ол тағы екі жедел жәрдем көлігін шақыруға тиіс еді. Енді медициналық көмек көрсету талаптарын бұзғаны үшін бес ай бойы сыйақыдан айырылғаны хабарланды.
Солтүстік Қазақстан облыстық жедел жәрдем орталығының директоры Юрий Белоног бұл ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, фельдшер жазаға тартылған жоқ. Бірақ, шынымен де, медициналық қызмет көрсету талаптарын өрескел бұзған.
"Бірнеше адам зардап шеккен жағдайда бригаданың аға дәрігері немесе фельдшері барлығының жағдайына жылдам баға беріп, сол ауысымның аға дәрігерімен қосымша күш тарту бойынша ақылдасуға тиіс. Мұны жасаған жоқ. Ал аға дәрігер қосымша бригаданың қажет екенін мектеп қызметкерлерінен ғана білді", - деді Белоног. Оның айтуынша, әрбір маман өз жұмысын дұрыс атқаруы керек.
Мәселен, дәрігер алдымен зардап шеккен адамдарды жарақатына қарай "қызыл, сары мен жасыл" сұрыптайды. "Ең бірінші кезекте "қызыл" пациенттерге көмек көрсетіледі. Мәселен, ол адам көп қан жоғалтса, шұғыл шара қабылдау қажет. Сосын екінші бригаданы шақыру үшін аға дәрігермен міндетті түрде хабарласу керек. Содан кейін ғана зардап шеккен адамдарға алған жарақатына қарай кешенді медициналық көмек көрсеткен жөн", - деп атап көрсетті Белоног.
Мектепке барған фельдшердің мәселесі емдеу-бақылау комиссиясында қаралады. Ондай жиында ауыр жағдайлар мен қателіктер талқыға салынады. "Сол жерде тиісті қорытынды жасап, шешім қабылдаймыз", - деді орталық басшысы.