Риддерде жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі алынды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді.
Әкім қаладағы жылу электр орталығы тоқтаусыз жұмыс істеп тұрғанын айтты. Жылу орталығының жаңа иелері он күн ішінде жөндеу жұмыстарының толық кестесін ұсынумен қатар қажетті жабдықтар мен компоненттердің, мамандардың тізімі мен санын көрсетуі қажет.
"Төртінші және бесінші қазандықтарға, көмір берудің резервтік трактісіне, өрттен зардап шеккен Орталық ғимаратына ерекше назар аударуы шарт. Барлық жабдық пен желілер күрделі жөндеуді қажет етеді, сондықтан кесте осы мәселелердің бүкіл блогын қамтығаны дұрыс. Станция қызметкерлері үшін қауіпсіз еңбек жағдайларына баса назар аудару маңызды, ол үшін аспирация және желдету жүйелерін жөндеу керек", - деді Даниал Ахметов. Облыс басшысының пікірінше, жөндеу жұмыстарынан бөлек Қаражыра көмір кеніші алдындағы дебиторлық берешекті өтеу кестесін жасау да қажет.
"Риддер қаласының барлық тұрғынына үлкен алғыс айтамын. Қиын жағдайда дүрбелеңге салынбай, түсіністік танытты. Риддер қаласы әкіміне жылу электр орталығы тоқтаусыз істеп тұрғанына байланысты жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимін алып тастауға тапсырма бердім", - деді әкім.
Еске салсақ, Риддерде төтенше жағдай режимі үш ай бұрын, ЖЭО-дағы апаттан кейін енгізілген болатын.
Дереккөз: Спутник Қазақстан